Қоғам

Астана әкімі: Қосшы бағытындағы LRT желісі келесі жылдың соңында ашылады

Сурет: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Қосшы қаласына қарай Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңі келесі жылдың соңына дейін аяқталып, қозғалыс ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта қала тұрғындарынан Айтматов, Сығанақ көшелері мен Тұран даңғылындағы көлік қозғалысына қойылатын уақытша шектеулерге қатысты сұрақтар түсіп жатыр. Ол уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, жеңіл рельсті көлік жобасын қолдауды сұрады.

«Құрылысы аяқталған соң Tarlan Astana жолдардағы көлік жүктемесін едәуір азайтып, өткізу қабілетін арттыруға және кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді», деп жазды қала әкімі.

Жеңіс Қасымбек құрылыс жұмысын барынша қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтауды уәде етті. Ол Tarlan Astana желісінің екінші кезеңіндегі №201, 202 және 204 станцияларының құрылыс барысымен танысты.

«Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталды. Мұнда №2 және №3 желілері түйіседі. Бұл жолаушыларға көшеге шықпай-ақ, бір бағыттан екіншісіне жылдам әрі ыңғайлы ауысып мінуіне мүмкіндік жасайды. Жобаны іске асыру қаланың көлік қатынасын едәуір жақсартып, тұрғындардың жылдам қатынауына және елордада заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін жолаушылар Tarlan Astana желісімен 13,8 млн рет қатынаған», деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін қала әкімі Қосшы бағытына қарай тіректердің 97 пайызы орнатылғанын жеткізген еді.

Көп оқылғандар