Сурет: ОКҚ
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның жоғары білім жүйесін еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, бұл бағытта ауқымды зерттеу жүргізіліп, оған 73 мыңнан астам мемлекеттік және жекеменшік компания, мекеме мен кәсіпорын қатысқан. Зерттеу барысында алдағы 3-5 жылға қажетті кадрлар мен маман тапшылығы анықталды.
«Ауқымды сауалнама нәтижесінде 238 білім беру бағдарламасы толықтай жабылды, 16 бағдарлама қайта қаралды, ал 407 жаңа білім беру бағдарламасы пысықталды. Енді мұндай жұмыс жыл сайын жүргізіледі. Осылайша, еңбек нарығындағы бір, екі және үш жылдық кадр тапшылығы тұрақты түрде анықталып отырады», деді министр.
Сонымен қатар, жаңа мамандықтар атласын әзірлеу аяқталғаны белгілі болды. Ол Қазақстанның әрбір азаматына қолжетімді болады. Сарапшылар, білім алушылар мен ата-аналар нақты мамандықтарға деген ұзақ, орта және қысқа мерзімді тапшылықты көре алады.
Айта кетейік, соңғы 7 жылда 755 мыңнан астам мемлекеттік тапсырыс аясында гранттар беріліп, бұл бағытқа 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік осал топтағы жастарды қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді.
Мазмұнға өту
