Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда түнгі уақытта қатты шу шығаратын көліктерді анықтау үшін акустикалық камералар орнату жоспарланып отыр. Ішкі істер министрлігі пилоттық жобаны қолдап, заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа камералар көліктерден шығатын шамадан тыс шуды автоматты түрде тіркейді. Ішкі істер министрлігі АҚШ, Германия және Францияның тәжірибесін зерттеп жатыр.
Сонымен қатар түнгі тыныштықты бұзғаны және көлікке заңсыз өзгерістер енгізгені үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр.
Қазіргі уақытта түнгі тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл 5 АЕК (2026 жылы – 21 625 теңге).
ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері түнгі тыныштықты бұзудың 22,2 мың дерегі және көлікке заңсыз тікелей шығару жүйесін орнатудың 24 мың жағдайы тіркелген.
Әзірге акустикалық камераларды орнату мерзімі белгісіз. Пилоттық жоба мен заңнамалық өзгерістер әлі де пысықталып жатыр.
Айта кетейік, Қосшыда жасанды интеллектісі бар 1,5 мың камера іске қосылды. Сондай-ақ Оралда 300 «ақылды» камера іске қосылды.
Мазмұнға өту
