Сурет: BILD
Сәрсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында (Астана уақытымен 02:00) Бруклин ауданындағы үш қабатты тұрғын үй опырылып түсті. Қайғылы оқиға Кіші Гаити ауданында болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі адам қаза тауып, тағы 17 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында 7 бала бар, төрт адамның жағдайы ауыр. 250-ден астам құтқарушы үйінділерді аршып, іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Үйінді астында әлі де адамдар болуы мүмкін деген болжам бар.
Құтқару жұмыстарына арнайы үйретілген иттер, дрондар мен заманауи іздестіру жабдықтары жұмылдырылған. Ғимарат құлағаннан кейін шамамен екі жарым сағат өткен соң, үйінді астынан бір адам тірідей шығарылды. Куәгерлердің айтуынша, ол жүкті әйел болуы мүмкін.
Ғимараттың құлауы көршілес үйдің қабырғасына да зақым келтірген, салдарынан кейбір пәтерлердің ішкі бөлігі көшеден көрініп қалған.
Құлаған ғимараттың жанында тоғыз қабатты тұрғын үй салу жоспарланған учаскеде жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін сол аумақтағы тағы бір ғимарат сүрілген.
Тергеушілер құрылыс жұмыстары көршілес ғимараттың іргетасына зақым келтіруі мүмкін бе деген мәселені анықтап жатыр. Әзірге апаттың нақты себебі ресми түрде жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Бразилияда дүлей дауыл әуежай ғимаратына үлкен зиян келтірді. Қатты жел шатырдың бір бөлігін жұлып, терезелерді сындырған. Терминалдың ішкі төбесі де опырылып, ғимарат бөліктері автотұраққа дейін ұшып кеткен.
Сондай-ақ Пәкістанның Пешавар қаласындағы Дир-Колони ауданында жекеменшік мектеп ғимаратының төбесі опырылып, 17 оқушы көз жұмды.
Мазмұнға өту
