Қаржы

БЖЗҚ-дан сақтандыру компанияларына 564,4 млрд теңге аударылды

Сурет: ЖИ иллюстрация

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ел тұрғындары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан сақтандыру компанияларына 564,4 млрд теңге аударған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл қаражаттың басым бөлігі зейнетақы аннуитеттерін сатып алуға жұмсалған.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Аналитикалық орталығының мәліметінше, тоғыз айда сақтандыру компанияларының активтері 36,1 пайызға өсіп, 3,1 трлн теңгеге жеткен. Олардың жалпы сақтандыру нарығындағы үлесі 57 пайыздан 64 пайызға дейін артқан.

БЖЗҚ-дан аударылған 564,4 млрд теңгенің 271,6 миллиарды шілде-қыркүйек айларына тиесілі. Қаңтар мен қыркүйек аралығында сақтандыру компаниялары 1,2 трлн теңге сақтандыру сыйлықақысын жинаған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,1 пайызға көп.

Қаражаттың өсуіне негізінен зейнетақы аннуитеттері ықпал еткен. Бұл өнім адамға зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясына аударып, оның орнына келісімшарт бойынша тұрақты төлем алуға мүмкіндік береді. Тоғыз айда зейнетақы аннуитеттері бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақысы 130,5 пайызға өсіп, 757,6 млрд теңгеге жеткен.

Алайда өсім барлық бағытта байқалмаған. Қызметкерлерді жұмыс кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға түсетін қаражат 52 пайызға артып, 168,6 млрд теңгені құрады. Ал өмірді дәстүрлі сақтандыру бойынша жиналған ақша 224,5 миллиард теңгеден 183,3 млрд теңгеге дейін азайған. Жазатайым оқиғалардан сақтандырудың тағы бір түрі бойынша түсім 84 млрд теңгеден 13,5 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Есепті кезеңде сақтандыру компаниялары клиенттеріне 197,3 млрд теңге төлеген. Олардың таза пайдасы 6,8 пайызға азайып, 164 млрд теңгені құрады, ал шығындары бір жылда 36,5 пайызға өскен.

Сонымен бірге сақтандырушылардың инвестициядан тапқан кірісі 45 пайызға артып, 220 млрд теңгеге жетті. Бағалы қағаздарға салынған қаражат бір жылда 565 млрд теңгеге өсіп, 2,4 трлн теңгені құраған.

Айта кетейік, зейнетақы жүйесіндегі жаңа ережеге сәйкес, салымшылар жинақтарын толықтай компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың 50 пайызына дейін ғана берілген болатын.

Көп оқылғандар