Қаржы

Бас прокуратура мен AmCham инвесторлар құқығын қорғау туралы меморандумға қол қойды

Сурет: istockphoto.com

Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы мен Қазақстандағы Америка сауда палатасының (AmCham Kazakhstan) атқарушы директоры Джефф Эрлих әріптестік пен ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжат инвесторлар құқығын қорғау саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуды, инвестициялық қызметке кедергі жасайтын жүйелі проблемаларды анықтап, жоюды, сондай-ақ дауларды сотқа дейін шешу тетіктерін жетілдіруді көздейді.

Тараптар ынтымақтастық шеңберінде бизнестің тап болатын кедергілері туралы ақпарат алмасуды, заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіруге қатысты бірлескен ұсыныстар дайындауды, дөңгелек үстелдер, форумдар мен сараптамалық кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар инвесторлардың құқығын бұзу фактілері туралы жедел ақпарат алмасуға, оларды жою шараларын әзірлеуге және халықаралық іскерлік қоғамдастықты Қазақстанның инвестициялық ахуалды жақсарту жолындағы қадамдары туралы хабардар етуге баса мән беріледі.

Меморандум мемлекеттік органдар мен халықаралық бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, инвесторлардың мәселелерін тиімдірек қарауға және елімізде инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға жемқорлықты азайту жөнінде ұсыныс әзірлеуге уақыт берген болатын.

Көп оқылғандар