Қаржы

Ауыл шаруашылығы министрлігі нан бағасына қатысты дүрбелеңге салынуға негіз жоқ деп мәлімдеді

Сурет: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте нан бағасы өспейтінін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Оның сөзінше, еліміздің кей өңірлерінде құрғақшылық салдарынан егін аз өнім беруі мүмкін, бірақ бұл нан бағасына әсер етпейді.

Вице-министр шаруалардың «өнімді жыл» ұғымына қатысты көзқарасын түсіндірді. «Егін мол өнім берсе, біз «жақсы жыл» дейміз. Ал олар өнімді аз алса, жақсы жыл болды деп есептейді. Себебі, аз шықса, өнім бағасы қымбат болады. Ол әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісінің өзіндік құнына да әсер етеді», — деді ол.

Сұлтановтың айтуынша, бидай құны айтарлықтай өзгерген кездерде де нан бағасы қымбаттамаған. «Төрт жыл бұрын бидайдың тоннасы 180 мың теңге болды. Қазір ол 90 мың теңге шамасында. Содан бері нанның бағасы 110 теңгеден өзгерген жоқ. Мемлекет осы бағаны сақтау үшін барлық қажетті іс-шараны атқарып жатыр», — деді ол.

Вице-министр бұл мәселе бойынша алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті. «Нансыз қаламыз немесе нанның бағасы қымбаттайды деп қауіптенуге әлі ерте. Бұл жайтқа қатысты дүрбелеңге салынуға болмайды. Алда-жалда ойламаған жағдайлар орын алып жатса, мемлекет бағаны ұстап тұру бойынша керекті шараларды қабылдайды. Біздіңше, қазіргі ахуалда уайымдауға себеп жоқ», — деп түйіндеді ол.

Көп оқылғандар