Сурет: Баян Сүлейменқызы/ Egemen.kz
Астанадағы «Астана Тазалық» кәсіпорнында өндірістік практикадан өтіп жүрген колледж студенттері ай сайын шамамен 150 мың теңге жалақы алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кәсіпорын шебері Нұржан Нұрсейтовтің айтуынша, студенттер нақты өндірістік процеске қатысып, тәжірибе жинақтайды. «Біз колледжбен меморандум жасадық. Әдетте өндірістік практика көп жерде ақысыз өтеді. Ал бізде студенттерге ай сайын шамамен 150 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Олар күніне төрт сағат жұмыс істейді және сол еңбегі үшін ақы алады», — дейді шебер.
Студенттер техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының негізгі кезеңдерімен танысады. Олар аға мамандардың бақылауымен щеткаларды ауыстыру, стартер жөндеу, радиаторларды қалпына келтіру, май ауыстыру және техникалық ақауларды анықтау жұмыстарын атқарады.
Астана қаласындағы Кәсіптік-техникалық колледждің үшінші курс студенті Әлібек Еркенов бұл тәжірибені өз мамандығы бойынша үлкен мүмкіндік деп санайды. «Түрлі техникалармен жұмыс істеуді үйрендік. Ең бастысы – бұл практика ақылы. Көп жерде студенттер тегін тәжірибеден өтеді, ал біз жұмыс істеп қана қоймай, еңбекақы алып жүрміз», — дейді ол.
Қазір кәсіпорында алты студент өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Олар үш айлық өндірістік және дипломалды практика бағдарламасы аясында жұмыс істейді.
Мекеменің Техниканы пайдалану департаментінің директоры Тимур Ахметовтің айтуынша, кәсіпорын балансында 438 арнайы техника бар. «Біз техникалық паркті 2021 жылдан бері кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Осындай ауқымды өндірістік база студенттердің тәжірибе жинақтауына жақсы мүмкіндік береді», — дейді ол.

