Қаржы

Астанада ер адам бұрынғы сүйіктісінің телефонымен несие рәсімдеді

Сурет: istockphoto.com

Астанада ер адам бұрын бірге тұрған әйелінің телефонын пайдаланып, 2,6 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, қазан айында ер адам Астана қаласының 23 жастағы тұрғынының телефонын ұрлаған. Содан кейін оның банк қосымшасы арқылы өз атына несие рәсімдеген. Қыз қарыз туралы кейін біліп, 5 қарашада полицияға арызданған.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді. Ер адам кінәсін мойындаған. Бұл дерек бойынша ұрлық фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Полиция азаматтарды ұялы телефондарын, құпиясөздерін және банк қосымшаларына кіру деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Телефон жоғалған жағдайда банк қызметтеріне қолжетімділікті дер кезінде бұғаттау қажеттігін ескертті.

Көп оқылғандар