Қаржы

Ақмолада 5,8 млрд теңгелік жоба заңсыз тексеруден қорғалды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Зеренді ауданының прокуратурасы «Qazaq Kaolin» ЖШС инвесторының құқығын қорғады. Компания Алексеев каолин кен орны базасында тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Инвестициялық жобаның құны 5,8 млрд теңге. Ол жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.

Тексеру барысында уәкілетті мемлекеттік орган инвесторға қатысты көші-қон заңнамасының сақталуын тексерген. Алайда бұл әрекет прокуратураның міндетті келісімінсіз және Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу органдарында тіркеусіз жасалған.

«Прокурорлық сүзгі» тетігі бойынша инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау, әкімшілік іс қозғау, рұқсат беру-шектеу шараларын қолдану және сотқа талап қою туралы шешімдер прокуратурамен келісілуі тиіс.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде тексеру заңсыз деп танылып, үш әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды. Қазір кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі қаралуда.

Прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғауды, бизнеске заңсыз араласудың алдын алуды және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастыруда.

Көп оқылғандар