Жайық news

Ермек Сулейменов «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды

Сурет: Жайық Пресс

Ермек Сулейменов «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Марапат Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес берілді. Ермек Сулейменов азаматтық қорғау органдарында 2007 жылдың сәуірінен бері қызмет етеді. 2025 жылдың қаңтарынан бастап ҚР ТЖМ Батыс Қазақстан облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының салааралық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

Қызмет еткен жылдары ол өңірдің өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Тұрғын үй секторындағы газ жабдықтары мен газ тұтыну жүйелерін, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, газ толтыру және автогаз құю станцияларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысады.

Сонымен қатар, ол заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу үшін белгіленген біліктілік және рұқсат талаптарына сәйкестігіне рұқсат беру бақылауын жүзеге асырады.

Практикалық жұмыстан бөлек, Ермек Сулейменов ақпараттық-түсіндіру қызметімен айналысады. Оның «Автогаз құю станцияларындағы ықтимал апаттар» атты мақаласы «Юридическая» қоғамдық-саяси және құқықтық газетінде жарияланған.

Мерейтойлық медальмен марапаттау Ермек Сулейменовтің көпжылдық кәсіби еңбегіне, оның жауапкершілігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесіне лайықты баға болды.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД Ермек Сулейменовті лайықты марапатымен құттықтап, зор денсаулық, отбасылық бақыт және одан әрі кәсіби табыс тілейді.

Көп оқылғандар