Қаржы

Air Astana тоғыз айда 2,7 млн доллар шығынға ұшырады

Сурет: Aikyn.kz

Air Astana әуе компаниялар тобы 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 1,29 миллиард доллар түсім түсіргенімен, есепті кезеңді 2,7 миллион доллар таза шығынмен қорытындылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Компания жариялаған қаржылық есеп бойынша, түсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9 пайызға өскен. Алайда шығындардың ұлғаюы қаржылық нәтижеге кері ықпал етті. Былтыр осы кезеңде топ 31,2 миллион доллар таза пайда тапқан болатын.

Тоғыз айда пайыздар, салықтар, амортизация және әуе кемелерін жалға алу шығындары шегерілгенге дейінгі пайда (EBITDAR) 5,7 пайызға төмендеп, 247,3 миллион долларды құрады. Табыстылық деңгейі 23,9 пайыздан 19,1 пайызға төмендеген.

Операциялық шығындар табыстан жылдамырақ өскен. Бір қолжетімді орын-километрге шаққандағы түсім 15,9 пайызға артса, тасымалдың өзіндік құны 21,3 пайызға өскен. Бұған Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты техникалық мәселелер, ұшақтарға қызмет көрсету, қызметкерлердің еңбекақысы мен жанармай шығындарының артуы себеп болды. Үшінші тоқсанда шетелден сатып алынатын авиаотын бағасы бір жыл ішінде 47 пайызға қымбаттаған.

Тасымалданған жолаушылар саны 1,1 пайызға азайып, 7,44 миллион адамды құрады. Қолда бар ақша қаражаты 539,6 миллион доллардан 511,5 миллион долларға қысқарған. Таза қарыздың EBITDAR көрсеткішіне қатынасы 1,3-тен 1,9 есеге өскен.

Үшінші тоқсанда қаржылық нәтиже біршама жақсарған: шілде-қыркүйек аралығында түсім 20,6 пайызға өсіп, 529,1 миллион долларға жетті. EBITDAR 105,6 миллион долларды, таза пайда 18,5 миллион долларды құрады. Бұл өткен жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 10,3 пайызға төмен.

Көп оқылғандар