Жайық news

Жылыту маусымына дайындық пен су тасқынына қарсы іс-шаралар пысықталды  

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде алдағы жылыту маусымына дайындық пен су тасқынына қарсы іс-шаралар пысықталды.

Бүгінде өңірдегі әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 64–87%-ды құрайды. Алдағы он күнде Казталов, Тасқала және Теректі аудандарының бюджеттік ұйымдарына қажетті 127 тонна көмір толық жеткізіледі.

«Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС және негізгі электр өндіруші кәсіпорындар газтурбиналық қондырғылар мен қосалқы жабдықтарды жөндеуден өткізуде. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 21,9 млрд теңгеге электр, жылу желілері және сорғы станцияларын қайта құру, сондай-ақ су ұңғымаларын салу жұмыстарын қамтитын 10 ірі жоба іске асырылуда.

Қалияр Айтмұхамбетов Орал қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне құзырлы құрылымдармен бірлесіп, мемлекеттік және жеке секторда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың үйлерінде газ датчиктерін орнатуды 1 қарашаға дейін аяқтау міндеттелді.

Өңірдің 2025–2027 жылдардағы су тасқынына қарсы кешенді жоспарындағы 104 іс-шараның 31-і биыл аяқталуы тиіс. Су ресурстарын басқару бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Деркөл өзенінің 7 шақырымдық арнасы тазартылып, кейтіліп жатыр. Утва өзенінің 11 шақырым учаскесін тазарту жобасы мемлекеттік сараптамаға жіберілмек. Биыл Көшім өзені мен Шаған тармағында жалпы ұзындығы 68 шақырым су арнасын тереңдету көзделген, сондай-ақ коммуналдық нысандарды тиімді пайдалану үшін олардың 80%-ы «Батысирригация» мекемесінің теңгеріміне берілді.

Қалияр Айтмұхамбетов жауапты органдарға кешенді жоспар аясындағы іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындау бағытында жүйелі жұмыстануды тапсырды.

 

Көп оқылғандар