Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында аграрлық салаға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Марапатталғандар қатарында Ұлытау облысының тұрғыны, жылқышы Мәкіш Әменов бар. Жаңаарқа ауданының тұрғыны Мәкіш Керімбайұлы ұзақ жылғы ерен еңбегі мен жылқы шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Мәкіш Әменов 1966 жылы 31 қазанда дүниеге келген. Қазір Жаңаарқа ауданының Сәкен Сейфуллин ауылдық округіндегі «Керімбай» шаруа қожалығында жылқы шаруашылығымен айналысады.
Ол еңбек жолын 1983 жылы мектеп бітірген соң Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда жылқышы болып бастаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де осы кәсібін жалғастырып, ауыл тұрғындарының жылқысын бағып келеді.
Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде ауыл тұрғындарының жылқы саны 100 бастан екі мың басқа дейін өскен. Сонымен қатар жылқы шаруашылығын дамытып, өзге жылқышыларды жұмыспен қамтуға үлес қосып отыр.
Мәкіш Әменов бұған дейін де еңбегі еленіп, марапатқа ие болған. Атап айтқанда, 2023 жылы Жаңаарқа ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ ауыл әкімінің бірнеше Алғыс хатымен марапатталған.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені – Мәкіш Әменовтің ауыл шаруашылығы саласындағы көпжылдық еңбегіне берілген мемлекеттік марапат.
Мазмұнға өту
