Қаржы

Жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздікке оқытуға міндеттеледі

Сурет: Egemen Qazaqstan

Елімізде жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздік пен кибермәдениет негіздеріне оқытуға міндетті болады. Цифрлық жүйе иелері өз сервистерінің қорғалу деңгейіне жыл сайын аудит жүргізуі тиіс. Бұл және басқа да жаңашылдықтарды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік өкілінің айтуынша, бұл өзгерістер Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қабылданған Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заңда көрініс тапқан. Заң алғаш рет мемлекеттік органдар мен ұйымдардың цифрлық жүйелерін қорғаудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастырады. Еңбек кодексінде жұмыс берушілер мен қызметкерлердің киберқауіпсіздік талаптарын сақтау міндеттері бекітілген.

«Бұл әрбір қызметкердің цифрлық қауіпсіздігін қорғауға қажетті базалық білім мен дағдыларға ие болуына бағытталған. Жұмыс берушілер ішкі ережелерді бекітіп, қызметкерлерді оқытуды ұйымдастырады», — деді Д.Мұсалиев.

Мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен аса маңызды инфрақұрылым нысандарының қызметкерлері киберқауіпсіздік бойынша жыл сайын міндетті оқудан өтеді. Цифрлық жүйелердің киберқауіпсіздігіне жыл сайын аудит жүргізу де жаңа норма болып табылады. Аса маңызды цифрлық нысан иелері тексеру қорытындыларын Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жіберуге міндетті.

Дербес деректерді қорғау саласында да өзгерістер бар. Медициналық, банктік, коммерциялық және басқа да құпия ақпаратқа енді тек биометриялық аутентификация арқылы қол жеткізуге болады. Ұйымдар дербес деректердің таралуы туралы мемлекеттік органдармен қатар, деректері жария болған азаматтарды да хабардар етуге міндетті. Елімізде дербес деректердің ірі операторларының тізілімі құрылып, оларға қосымша талаптар енгізіледі. Заңнамада алғаш рет «дербес деректер идентификаторы» ұғымы бекітілді, оған ТАӘ, ЖСН, бет бейнесі, биометриялық вектор және басқа мәліметтер кіреді.

Д.Мұсалиевтің айтуынша, жаңа заңдарды іске асыру аясында 30-ға жуық заңға тәуелді акт қабылданып, тағы он шақты құжатты қыркүйек айының соңына дейін бекіту жоспарланған. Алдағы бір ай ішінде телекоммуникация саласындағы заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Мемлекет басшысы 19 маусымда қол қойған заң байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Азаматтар eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu сияқты әлеуметтік маңызы бар мобильді қосымшаларды тегін пайдалана алады. Абоненттік құрылғыларды верификациялау қызметі мемлекеттік реттеуге өтеді.

Министрлік мәліметінше, ұялы телефондарды верификациялау тетігі іске қосылған бір жыл ішінде оң нәтиже байқалған. Вице-министр кибералаяқтыққа қарсы шаралар туралы да айтты. Былтыр байланыс операторлары жанынан антифрод-жүйелер құруды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданған. Алайда алаяқтық схемалар үнемі жетілдіріліп отырады, сондықтан халықтың киберсауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

«Тәжірибе көрсеткендей, пайдаланушылар цифрлық қауіпсіздік қағидаларын өздері сақтамаса, ең заманауи технологиялар да толық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Осы мақсатта мемлекет азаматтарға өздерінің қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық сервистерді енгізді», — деді спикер.

Тегін цифрлық сервистер мен білім беру платформалары іске қосылған. eGov Mobile қосымшасындағы «Стоп-кредит» сервисі азаматтарға өз еркімен несие рәсімдеуге тыйым салуға мүмкіндік береді. Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі қандай ұйымдарға жеке деректерді өңдеуге келісім берілгенін тексеріп, қажет болған жағдайда оны кері қайтарып алуға жағдай жасайды.

UNICEF ұйымымен бірлесіп әзірленген eGov және eGov Mobile платформаларында балалар мен ата-аналарға арналған жаңа онлайн-курс жұмысын бастады. Онда кибербуллинг, онлайн-груминг, дербес деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәселелері қамтылған. Сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған кибергигиена негіздері бойынша курстар ұсынатын CitizenSec платформасы жұмыс істейді.

Көп оқылғандар