Сурет: Үкімет
Қазақстанда қатты пайдалы қазбаларды өндіруге енгізілетін жаңа төлемнің мерзімі 2027 жылдан 2029 жылға жылжытылды. Бұл шешім салық тетігі мен мөлшерлемелерді, сондай-ақ кен өндіру жобаларының қаржылық ерекшеліктерін қосымша пысықтау қажеттігіне байланысты қабылданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 28-ші отырысы өтті. Онда қатты пайдалы қазбаларды өндіруге салық салу, сондай-ақ несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық берешекті есептен шығару кезінде жеке тұлғаларды жеке табыс салығынан (ЖТС) босату мәселелері қаралды.
Жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қатты пайдалы қазбаларға роялти енгізу мерзімін ауыстыруды ұсынды. Жаңа Салық кодексінің нормалары бойынша роялти 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрын жер қойнауын пайдалану құқығы берілмеген аумақтарда 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін берілген лицензиялар бойынша өндірілген, соның ішінде өңдеуден өткен минералдық шикізат пен қатты пайдалы қазбаларды өткізу кезінде төленуі тиіс еді.
Сонымен қатар техногендік минералдық түзілімдер бойынша салық базасын айқындау, роялтиді әкімшілендіру және жаңа лицензиялардың ерекшелігін, жобалардың капиталды қажетсінуін және ілеспе компоненттердің рентабельділігін ескере отырып, мөлшерлемелерді белгілеу мәселелері қосымша пысықтауды қажет етеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, бұл мәселе кәсіпорындардың қаржы-экономикалық моделінде салааралық келісуді және тестілеуді талап етеді.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар роялтиді қолдану мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтардан 2029 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды қолдады.
