Қоғам

Биылғы жеті айда 9,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Сурет: ашық дереккөз

Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша елімізде 9,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 92,3 мың тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биылғы жоспар – 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй немесе шамамен 188 мың тұрғын үй. Осылайша, жылдық жоспардың 47,5 пайызы орындалды.

Жаңа тұрғын үй салумен қатар, азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары да жүзеге асырылып жатыр. Биыл 155,5 млрд теңгеге 12 мың кредиттік тұрғын үй пәтерін салу және сатып алу көзделген. Сонымен қатар 269 млрд теңгеге 13,5 мың жалға берілетін тұрғын үй пәтерін сатып алу жоспарланып отыр.

«Жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру жалғасып жатыр. Жыл басынан бері азаматтарға 2-5% мөлшерлемемен жалпы сомасы 72,7 млрд теңгеге 5,1 мың несие берілді. Сондай-ақ «Наурыз» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 339,2 млрд теңгеге 11,5 мың қарыз берілді», делінген хабарламада.

Өңірлерде тұрғын үй салу және халыққа тұрғын үйді қолдау тетіктерін іске асыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Көп оқылғандар