Жайық news

Цифрлық теңге: бюджет шығыстарын бақылау күшейтіледі

Сурет: Жайық Пресс

Цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Селекторлық режимде облыс әкімі Нариман Түрегалиев қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамыту және нарық қатысушылары үшін ашық әрі теңгерімді жағдайлар жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Мемлекеттік қаржыны цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі – республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару кезінде цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту. Жаңа тетік бюджет шығыстарының ашықтығын арттырып, олардың мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуге және мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалу тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Цифрлық теңге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, арнайы киімді, жанар-жағармай материалдарын және көлік құралдарын сатып алуға, сондай-ақ нысандарды салу мен жаңғыртуға, автомобиль жолдарын салуға және бюджет шығыстарының басқа да бірқатар бағыттарына қолданылады деп күтілуде.

Белгіленген бағыттар бойынша тиісті шығыстардың сомасы 100 млн теңгеден асса, цифрлық теңгені қолдану міндетті болады.

Бақылауды күшейту үшін шығыстардың арнайы идентификаторы пайдаланылады. Ол бюджет қаражатының жоспарлаудан бастап түпкілікті алушыға жеткенге дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін жаңа тетікпен жұмыс істеуге дайындау, тиісті шығыс түрлерін айқындау, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкес бюджеттік жоспарлау мен келісім-шарт жұмыстарын ұйымдастыру міндеттері қойылды.

Біздің облыста бұл бағыттағы жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. «е-Әкімдік» жүйесінде бюджетті жоспарлау және атқару кезінде шығыстар идентификаторын қолдану үшін функционалдық бейімдеу жүргізілуде.

Сонымен қатар Smart Bridge серверіне қосылу, IDC сервистерін енгізу және сынақтан өткізу жұмыстары пилоттық режимде жалғасуда.

Осылайша, бюджеттік процесті цифрландыру мемлекеттік қаражаттың ашық қозғалысын қамтамасыз етіп, оларды пайдалануды бақылаудың тиімділігін барлық кезеңдерде арттыруға тиіс.

Көп оқылғандар