Қаржы

Жаңа Салық кодексі: азаматтардың кейбір табыс салығынан босатылуы мүмкіндігі қаралуда

Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жаңа Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 21-ші отырысында құжат жобасына кезекті түзетулер топтамасы әзірленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жобалық кеңсе мен салалық жұмыс топтарының ұсыныстары, Мемлекет басшысының тапсырмалары, Үкімет қаулылары, Премьер-министрдің тапсырмалары және Жобалық кеңсенің шешімдері негізінде 45 өзгеріс енгізілді. Негізгі ережелер 2 шілдеде Ұлттық экономика министрлігінің сайты мен «Ашық НҚА» порталында жарияланған консультативтік құжатта көрсетілген.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру үшін жеңілдетілген салықтық жағдай жасау ұсынылды. Жеке тұлғаларды 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде отандық провайдерлер арқылы жасалған цифрлық актив операцияларынан түскен кіріс бойынша жеке табыс салығынан босату көзделген.

Түзетулердің бір блогі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге және шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдай жасауға бағытталған. Инвестициялық басым келісімшарттар мен фискалдық преференциялар пакетіндегі инвестиция туралы келісімдер жасау тетігін қалпына келтіру, сондай-ақ инвесторларға қажетті инфрақұрылымды дербес жүргізуге мүмкіндік беру, кейіннен КТС бойынша шегерім арқылы шығынды өтеу ұсынылады.

Жаңа пакетке бұрын қабылданған шешімдер де енгізілген: тауарды таңбалау шығысына үстеме шегерім, мүгедектігі бар адамдар үшін ЖТС бойынша шегерімді кеңейту, әлеуметтік салықтан жекелеген кірістерді босатуды қалпына келтіру, ҚҚС-дан факторинг пен форфейтингіні босату, есепке жатқызылатын ауыл шаруашылығы өнімі бойынша ҚҚС-ны түзету, жеміс шарабына акциз және басқа да бастамалар. Пакетке Жобалық кеңсе жұмысы барысында қабылданған 20 шешім кірді.

Сонымен қатар пакет салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға, салық рәсімдерін жетілдіруге және Салық кодексін қолданудағы мәселелерді шешуге арналған түзетулермен толықтырылды. Олар салық төлеушілердің өтініштері, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстары ескеріле отырып дайындалды.

Бірқатар бастама заң жобасы Құрылтайдың қарауына енгізілгенге дейін бизнес-қоғамдастықпен пысықтауды талап етеді. Оларды талқылау Жобалық кеңсе алаңында жалғасады.

Көп оқылғандар