Қоғам

eGov порталы неге істен шықты: мамандар түсіндірді

Сурет: egov.kz

Өткен аптада елімізде электронды үкімет порталы мен бірқатар мемлекеттік цифрлық ресурстар қолжетімсіз болды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Компанияның мәліметінше, мемлекеттік ресурстардағы уақытша шектеулер сыртқы интернет-трафик белсенділігінің артуына байланысты болған. Осыған байланысты Қазақстанның интернет-инфрақұрылымын қорғауға арналған арнайы механизмдер іске қосылған.

«Олар сыртқы белсенділікке дер кезінде жауап беріп, ұлттық цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Трафик қалпына келтірілді, ресурстарға қолжетімділік штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр», делінген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасында.

Қазір барлық жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр. Мамандар жағдайды бақылауды жалғастырып, цифрлық сервистердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі азаматтардың дербес деректерінің таралуы және олардың даркнетте жарияланғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы ақпаратты растамады.

Көп оқылғандар