Қоғам

Есірткі қылмысына 69 жасөспірім тартылды: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады

Сурет: polisia.kz

Жаңа оқу жылы басталғаннан бері полицейлер еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарында 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Оның 5 мыңы ұстаздар, психологтар және наркологтардың қатысуымен өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Алайда статистика алаңдатарлық. Бүгінгі таңда елімізде есірткі қылмысы бойынша 69 жасөспірім ұсталды.

  • 40-ы — есірткі саудалағаны үшін;
  • 27-сі — аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін;
  • 2-еуі — есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін.

Ұсталғандардың 52-і ұл бала, 17-сі қыз бала.

«Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: баланың қолында ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат алмасуды жасыруы, әр түрлі күмәнді скриншоттар. Қосымша табыс белгілері — орама қалташалар, шағын пакеттер, оқшаулағыш таспа, электрондық таразылар және басқа да күмәнді заттар. Жасөспірімнің араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне, әлеуметтік желілерде кімдердің аккаунтарына тіркелгенін, мессенджерлерде кімдермен сенімді байланыс орнатқанына ерекше назар аудару қажет. ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салады. Балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырамыз», — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Көп оқылғандар