Спорт

Жоламан Биғабыл Азия ойындарының каратэ чемпионы атанды

Сурет: ТСМ

Жоламан Биғабыл Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Каратэден кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында ол Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесті. Шешуші жекпе-жекте қазақстандық спортшы қарсыласын 9:1 есебімен жеңіп, Азия ойындарының алтын медалін иеленді.

WKF каратэ Қазақстандағы бұқаралық спорт түрлерінің бірі саналады. Ол еліміздің 20 өңірінде дамытылып, онымен 77 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның 25 мыңға жуығы – әйелдер.

Спортшыларды даярлау ісіне 600-ге жуық жаттықтырушы тартылған. Соның ішінде 140 маман ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Сондай-ақ елімізде жыл сайын Kazakhstan Open халықаралық турнирі өткізіледі. Бұл жарыс жасөспірімдер мен жастар (U21) арасындағы Азия және әлем чемпионаттарына спортшыларды іріктеудің ішкі рейтингтік турнирлерінің бірі саналады.

Жоламан Биғабылдың жеңісі қазақстандық каратэшілерді жүйелі даярлау мен еліміздің өңірлерінде осы спорт түрін дамыту бағытындағы жұмыстың нәтижесін тағы бір мәрте көрсетті.

Көп оқылғандар