Сурет: ТСМ
Велошабандоз Рината Сұлтанова ХХ жазғы Азия ойындарында тасжол велоспортынан әйелдер арасындағы жекелей жарыста жеңіске жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл — Қазақстан құрамасының биылғы Азиададағы тұңғыш алтын жүлдесі. Сұлтанова бірінші жарыс күні жеңіске жетіп, ұлттық құраманың алтын медальдар есебін ашты.
Жарыс қорытындысы бойынша: 1-орын — Рината Сұлтанова (Қазақстан) — 36:23.72; 2-орын — Чжан Хао (Қытай) — 36:28.40; 3-орын — Син Джиын (Оңтүстік Корея) — 36:56.14.
Бұл — Сұлтанованың екінші Азиадасы. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған.
Соңғы жылдары бейінді федерациямен бірлесіп спортшыларды ірі халықаралық жарыстарға дайындауға, Азия чемпионаттары мен басқа да маңызды бәсекелерге қатысуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай жарыстарда жинақталған тәжірибе спортшыларды маусымның негізгі додаларына жоспарлы түрде дайындауға мүмкіндік береді.
Бүгінде тасжолдағы велоспорт Қазақстанның 9 өңірінде дамытылып келеді. Өңірлік даярлық жүйесін жетілдіру, федерация мен жаттықтырушылар құрамының жұмысы, сондай-ақ спорт резервін қалыптастыру қазақстандық велоспорттың халықаралық аренадағы позициясын одан әрі нығайтуға негіз болады.
Сұлтанованың жеңісі — Қазақстанның ХХ жазғы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалі.
Айта кетейік, бұған дейін триатлоннан Арлан Жанабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.
