Сурет: Жайық Пресс
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ҚҚС есептеу мен төлеу тәртібін өзгерткен жаңа Салық кодексі күшіне енді. Өзгерістер шағын бизнестен ірі компанияларға дейінгі кәсіпкерлердің барлық санатын қамтиды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жүніс Құншаев және жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Сұңғат Есенғалиев брифингте негізгі жаңалықтарды түсіндірді.
Жүніс Құншаевтың айтуынша, ҚҚС мемлекеттік бюджеттің маңызды кіріс көзі болып қала береді. Осы салық түсімдері есебінен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және инфрақұрылым салаларындағы мемлекеттік бағдарламалар қаржыландырылады.
– Салық заңнамасындағы кез келген өзгеріс кәсіпкерлердің кең ауқымына тікелей әсер етеді. Реформаның негізгі мақсаты – салық жүйесін жетілдіру, әділ салық салуды қамтамасыз ету, экономиканың көлеңкелі айналымын қысқарту және нарықтың барлық қатысушыларына тең бәсекелестік жағдай жасау, – деп атап өтті Жүніс Құншаев.
Жаңа Салық кодексі ҚҚС бойынша кешенді өзгерістерді көздейді. Олардың қатарында базалық мөлшерлеменің 12%-дан 16%-ға артуы, міндетті тіркеу шегінің 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке төмендеуі, жекелеген тауарлар мен қызметтер үшін сараланған мөлшерлемелердің енгізілуі, салықтық әкімшілендірудің жетілдірілуі және цифрлық бақылау мен автоматтандырудың кеңеюі бар.
Сұңғат Есенғалиевтің хабарлауынша, ең маңызды өзгеріс – ҚҚС жалпы мөлшерлемесінің 16%-ға дейін көтерілуі. Бұл ретте айналымның жасалған күні принципі қолданылады: егер шарт 2025 жылғы желтоқсанда жасалса да, тауар 2026 жылғы қаңтарда өткізілсе, жаңа мөлшерлеме қолданылады.
Міндетті тіркеу шегінің екі есеге төмендеуі де маңызды өзгеріс болып табылады. Енді жылдық айналым 10 000 АЕК-тен (43,2 млн теңге) асқанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу міндетті.
Мазмұнға өту
