Жайық news

Жаңақала ауданында «Заң мен тәртіп — әділетті қоғам кепілі» форумы өтті

Сурет: Жайық Пресс

Жаңақала ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған «Заң мен тәртіп — әділетті қоғам кепілі» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылды. Оған Департамент басшысы М.Байсалов, Жаңақала ауданының прокуроры К.Төремұратов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры С.Түменбаев, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Р.Ғұмар, мемлекеттік қызметшілер, аудандық мекемелер мен қоғам өкілдері қатысты.

Форум барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту мәселелері қаралды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, қызметтік этика талаптарын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу және қоғамда адалдық мәдениетін дамыту мәселелерін талқылады.

Департамент басшысы М.Байсалов заңнама талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің жоғары жауапкершілігі және қызметтік этика нормаларын ұстану азаматтардың мүддесіне бағытталған тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың негізі екенін атап өтті. К.Төремұратов өз сөзінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнама талаптарын сақтау және қоғамда заңға тұрақты құрмет қалыптастыру сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алудың негізгі шарттарының бірі екенін айтты.

Форум аясында «Заң және тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілету, адалдық құндылықтарын нығайту және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру бойынша міндеттер айқындалды.

Көп оқылғандар