Қоғам

Ұстаздар күні алдында Бас прокуратура жалған сайттар туралы ескертті

Сурет: istockphoto.com

Ұстаздар күні қарсаңында мұғалімдерге арналған сыйлықтарды арзан бағамен сататын жалған сайттар көбейді. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарға алаяқтық схемалар жөнінде ескерту жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге, көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмауға және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

«Атап айтқанда, құпия сөз, PIN-код, банк картасының CVV-коды мен SMS арқылы келген растау кодтарын жария етпеу қажет. Алаяқтар мұндай ресурстарды шынайы интернет-дүкендерге ұқсатып жасайды. Олар тауарлардың жоқ суреттерін жасанды интеллект көмегімен әзірлеп, сатушының орнына сатып алушылармен чат-бот арқылы байланысады», делінген хабарламада.

Сонымен қатар прокуратура тауарға алдын ала төлем жасамас бұрын сайт пен сатушының сенімділігін тексеріп алуға кеңес берді.

Бұған дейін Астанада 18 талапкерді оқуға түсіремін деп алдап кеткен жоғары оқу орнының қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шыққан болатын. Әр азаматтан 900 мыңға дейін ақша жымқырған қызметкер 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Көп оқылғандар