Жайық news

Ұлттық ұлан кинология орталығы екі жылда 60 қызметтік ит дайындады

Сурет: ІІМ

Ұлттық ұланның Алатау қаласындағы Кинология орталығы соңғы екі жылда 60 қызметтік күшік дайындап шығарды. Жақында олардың көпшілігі құқықтық тәртіп әскері бөлімшелеріне жіберіліп, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді атқара бастайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кинология орталығы – Ұлттық ұлан жүйесінде кинолог мамандарды даярлап қана қоймай, қызметтік иттерді өсірумен айналысатын бірегей мекеме. Мұнда неміс, бельгия және голланд овчаркалары өсіріледі. Өткен жылы орталықта алғаш рет голланд овчаркасынан төл алынып, қызметтік иттердің тұқымдық қоры кеңейтілді.

Күшіктер өмірінің алғашқы айларынан бастап мінез-құлқы, белсенділігі және жұмысқа бейімділігі бойынша арнайы іріктеуден өтеді. Алты айға толғаннан кейін мамандар олардың болашақ бағытын анықтайды. Бірі есірткі заттарын іздеуге, екіншісі жарылғыш заттарды анықтауға, ал енді бірі патрульдік-іздестіру қызметі мен құқық бұзушыларды ұстауға бейімделіп оқытылады.

Орталықта дайындалған қызметтік иттер күн сайын Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін күзетуге, тыйым салынған заттар мен қаруды анықтауға, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге жұмылдырылады.

2025 жылдың өзінде кинологтар 3500-ден астам қызметтік тапсырманы орындап, олардың 120-дан астамы нақты нәтижемен аяқталған. Қызметтік иттердің көмегімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен 81 адам ұсталды, 210 келіден астам өсімдік және синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ 14 суық қару, 7 атыс қаруы табылып, 17 хабар-ошарсыз кеткен адамның жүрген жері анықталды, — делінген ІІМ хабарламасында.

Көп оқылғандар