Сурет: Эфирден скрин
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қайтыс болуына байланысты сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста оқиға куәгері Гүлнәр Қалиеваның жауабы тыңдалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Куәгердің айтуынша, 8 қараша күні ол сіңлісі Айнұрмен бірге інісінің үйіне барған. Үйге жақындап, дүкенге кіре бергенде қасбеттен кірпіштер құлаған.
«Сол сәтте үстімізден кірпіштер құлады. Кеудем қысылып, дем ала алмай қалдым. Дүкеннен екі жігіт жүгіріп шығып көмектесіп жатты. Қасымда сіңілім жоқ. Бір сәтте үйінді астынан оның киімін көріп қалып, жігіттерге айттым. Олар оны үйінді астынан алып шықты. Сөмкемнен телефонымды алып, ініме хабарластым. Ол жұбайымен жүгіріп жетті», деді ол.
Гүлнәр Қалиеваның сөзінше, көп ұзамай жедел жәрдем келген. Екі фельдшер қыз сіңлісіне алғашқы көмек көрсетіп жатқанда, қайтадан кірпіш құлаған.
«Сіңліме екі қыз бен інім көмек көрсетіп жатқан тұста кірпіштер тағы құлады. Сол сәтте сіңілім «жүріп» кетті деп ойладым. Фельдшердің бірі басын бұғып, жүрелеп дүкенге кірді. «Анда Ұлдана, кондер» деп айтты. Осыдан соң бірінші сол сырттағы қызға көмек көрсетіле бастады», деді куәгер.
Қазіргі уақытта сот отырысы жалғасуда.
Еске салайық, Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 18 тамызда басталды. Қайғылы оқиға 2025 жылы 8 қарашада Астанада болды. Тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде оқиға орнына медициналық көмек көрсету үшін барған екі фельдшердің үстіне кондиционер құлаған. Ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болды.
Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Ал былтыр желтоқсан айында Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына фельдшерге арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша қаралып жатыр. Аталған бап бойынша Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға жауапкершілік қарастырылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, МИБ төрағасы үйдің қасбетіндегі ақаулардан хабардар болғанымен, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Алайда бұған дейінгі сот отырысында Сәуле Жұбаниязованың жаңа адвокаты сотталушының құқықтары шектеліп отырғанын айтып, судьяға қарсылық білдірді.
