Жайық news

БҚО-да шекарадан 107 тонна өнім өткізілмеді

Сурет: АШМ

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде заңнама бұзушылықтың екі дерегі анықталып, жолы кесілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі аумақтық инспекция қызметкерлері мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлармен бірлесіп тексеру жүргізді.

Алғашқы жағдайда Шешен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жөнелтілген 88 тонна бидай кебегінің өтуіне рұқсат берілмеді. Тексеру кезінде ветеринариялық ілеспе құжаттар мен таңбалаудың жоқтығы, сондай-ақ өнімнің қажетті термиялық өңдеуден өтпегені белгілі болды.

Екінші деректе Беларусь Республикасының Минск облысынан Ташкент қаласына бағытталған 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен ет жартылай фабрикаттарының транзиті тоқтатылды.

Қолайсыз эпизоотиялық ахуалға байланысты 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап ҚР АШМ Ресей Федерациясының жекелеген облыстары арқылы тиісті өнімдерді әкелуге және транзиттеуге уақытша шектеулер қойған.

Жалпы салмағы 107 тонна өнім толығымен жөнелтілген жерлеріне қайтарылды. Тасымалдаушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Сондай-ақ ЕАЭО-ның ветеринариялық-санитариялық талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жыл басынан бері «Сырым» бекетінде 230 заңбұзушылық анықталып, 230 автокөлік кері қайтарылды. Жалпы сомасы 8,9 млн теңгені құрайтын 100 әкімшілік хаттама толтырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарды және ілеспе құжаттарды ресімдеу қағидаларын сақтауға шақырады.

Бұған дейін отандық мамандар Ресейден әкелінген қарағайдан қауіпті карантиндік зиянкесті анықтаған. Сондай-ақ «Алматы халықаралық әуежайы» фитосанитариялық бақылау бекетінде қауіпті карантиндік зиянкес – батыс гүл трипсімен залалданған импорттық өнімдерді ел аумағына кіргізуге жол берілмеген болатын.

Көп оқылғандар