Қоғам

Үш тәулікте жол ережесін бұзудың 11 мың дерегі анықталды

Сурет: видеодан скриншот

Соңғы үш тәулікте Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 11 мыңға жуық дерегі тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің дерегінше, анықталған құқықбұзушылықтардың 1 300-і оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен көлік басқаруға қатысты. 600 дерек нөмірсіз жүруге, ал 150 жағдай жалған немесе қолдан жасалған тіркеу нөмірлерін пайдалануға байланысты.

Құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары барысында 1 100 көлік арнайы тұраққа қойылды, 800-ден астам мемлекеттік нөмір тәркіленді.

ІІМ жалған, қолдан жасалған, жасырылған немесе оқылмайтын нөмірлерге ерекше назар аударуда. Ведомствоның айтуынша, кейбір жүргізушілер камераға түспеу және жауапкершіліктен жалтару үшін нөмірлерін әдейі жасырады. Мұндай әрекеттер көлік ұрлығымен, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетумен және басқа да құқықбұзушылықтармен ұштасуы мүмкін.

Мәселен, Қостанай облысында жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген екі жолаушылар автобусы анықталды. Астанада жалған нөмір таққан көлік тоқтатылып, тексеру барысында оның іздеуде жүргені белгілі болды.

Павлодар облысында мемлекеттік нөмірсіз көлік басқарған жүргізуші ұсталды. Ол жылдамдықты асырып, полиция қызметкерінің тоқтау талабын орындамаған және қауіпсіздік белдігін тақпаған. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ІІМ мемлекеттік тіркеу нөмірінің ресми әрі анық оқылатын болуы керектігін еске салды. Нөмірді рамкамен, пленкамен, пердемен немесе басқа құрылғылармен жабуға тыйым салынады.

Министрлік жол қозғалысы ережелерін сақтауға және құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда «102» нөміріне хабарлауға шақырды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі заманауи технологияларды полиция қызметіне енгізіп, дрондар арқылы жол ережесін бұзған 20 мыңнан аса адамды анықтағанын хабарлаған еді.

Көп оқылғандар