Сурет: Egemen Qazaqstan
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық автокөлік жасау саласының ағымдағы жағдайы мен алдағы даму перспективалары қаралды. Жиынға мүдделі министрліктердің басшылары баяндама жасап, бизнес өкілдері өз ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Олжас Бектенов автомобиль өнеркәсібінің экономиканы әртараптандыру мен елдің технологиялық дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке елді орнықты дамыту бағытында жүйелі жұмысты жалғастырып, ұлттық экономика құрылымын нығайтуды тапсырды.
«Биыл маусым айында машина жасау және көлік мәселелері жөніндегі заңнамаларға тиісті түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және өндірістік технологияларды жетілдіруді мақсат етеді. Машина жасау саласы – өсудің маңызды бағыттарының бірі әрі ел экономикасын жеделдетілген әртараптандырудың локомотиві. Мемлекет басшысы отандық автомобиль өнеркәсібін толыққанды жоғары технологиялық салаға айналдыру міндетін қойды. «KIA Qazaqstan», «Astana Motors» сияқты басқа да бірқатар ірі жобаны жүзеге асыру еліміздің бүкіл өнеркәсібін технологиялық жаңғыртуға елеулі серпін берді», деді Үкімет басшысы.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, соңғы бес жылда автомобиль саласына тартылған инвестиция көлемі 457 млрд теңгеге жетті. Саладағы жұмыспен қамту деңгейі 10 мыңнан астам адамды құрады. Елде былтыр 171 мың көлік құралы өндірілді. Биыл өндіріс көлемін 190 мың бірлікке дейін арттыру, оның ішінде 177 мың жеңіл автокөлік, 10 мың бірлік жүк және арнайы техника, 3 мың автобус шығару жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта елімізде автокөлік құралдарын шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр қуаты жылына 120 мың автомобиль шығаруға қауқарлы «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» және 70 мың автомобиль өндіретін «KIA Qazaqstan» зауыттары іске қосылды. Екі кәсіпорынға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 347 млрд теңгені құрады, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Биылғы төртінші тоқсанда жалпы қуаты жылына 1 мың бірлік болатын «Volvo» және «XCMG» маркалы тартқыштар шығаруды бастау жоспарланып отыр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, автокөлік өнеркәсібі үшін кадр даярлау еліміздің 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Автокөлік өнеркәсібіне қажетті инженерлік бағыттарда 4 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді.
Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар даярлануда. 176 маман даярланды, қазір 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізіліп жатқанын айтты. Бүгінде даярлаудың бірыңғай траекториясына өту көзделген. Инженерлік білім берудің пәнаралық өтпелі стандарты енгізілді, білім, ғылым және өндіріс интеграциясы күшейтілді, тұрақты кәсіби өсудің жаңа тетіктері айқындалды.
Елімізде отандық автокөлік техникасының түрлері кеңейтіліп, жаңа көлік құралдарының өндірісі іске қосылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында «Astana Motors» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпорынның негізгі жобаларының бірі – «Астана» атты өз брендімен автобустар шығару. Бұл автобустар Қытайдың технологиялық серіктестерімен бірлесіп әзірленген, әлемдік жетекші өндірушілер шығарған бөлшектер пайдаланылады. Сонымен қатар автобустардың дизайнын жасауға отандық инженерлер тікелей қатысты. Автобустар еліміздің аумағында өндіріледі. Дизельді және газбен жүретін автобустардың сериялық өндірісі биыл қараша айында басталады.
Сонымен қатар «BYD» компаниясымен бірлесіп жаңа аккумуляторлық батареяларды қолданатын электр көліктерінің желісі әзірленіп жатыр. Ал «Астана» маркалы электр автобустарының өндірісін 2027 жылдың наурыз айында бастау жоспарланып отыр.
Елімізде автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін үш негізгі бағыт таңдалды, олар: өндірісті одан әрі кеңейту, азаматтардың автокөлік сатып алуы мен оны пайдалануға қолайлы жағдай жасау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева саланы дамытудың келесі кезеңі – автомобиль кластерлерін қалыптастыру екенін айтты. Тәсіл ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен кооперациясын күшейтуге, өндірістік шығындарды азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, отандық автокөліктердің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Екінші маңызды бағыт – автокөлік сатып алуға арналған заманауи қаржы құралдарын дамыту. Бүгінде азаматтарымызға ескі көлігін жаңартуға немесе жаңа көлікке ауыстыруға мүмкіндік беретін түрлі құралдар бар. Атап айтсақ, автонесие, trade-in бағдарламасы мен лизингтік қаржыландыру тетіктері бар.
Үшінші бағыт – ішкі нарықты қорғау.
Мазмұнға өту
