Сурет: Жайық Пресс
Қазақстанда «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында субсидиялау ережелері жаңартылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңартылған ережелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 18 тамыздағы №729 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жүзеге асырады.
Негізгі жаңалықтардың бірі – әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың кеңеюі. Енді әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері салалық шектеусіз бағдарламаға қатыса алады. Бұл ретте қызмет түрінің әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген бағыттарға сәйкестігі, жобаны іске асыру орны және кәсіпкердің тіркелген жері ескеріледі.
Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидия мөлшері сыйақының номиналдық ставкасының 50%-ын құрайды. Бағдарламаның қалған қатысушылары үшін субсидия 40% мөлшерінде қарастырылған.
Жаңа ережелер облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне нақты өңірлер мен аудандар үшін басым экономикалық қызмет түрлері ретінде алтыға дейін ОКЭД кодын қосымша айқындау мүмкіндігін береді.
Бұл жергілікті бизнестің ерекшелігін, өңірлік экономиканың қажеттіліктерін және кәсіпкерлер арасында ең көп сұранысқа ие бағыттарды ескеруге мүмкіндік береді.
«Іскер аймақ» қатысушылары микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілері, ауыл шаруашылығы кооперативтері, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері бола алады.
Бағдарлама аясында кредиттің ең жоғары сомасы 200 млн теңгеге дейін. Алынған қаражатты инвестициялық мақсаттарға да, айналым қаражатын толықтыруға да жұмсауға болады.
Сыйақының номиналдық ставкасы Ұлттық банктің базалық ставкасы мен қосымша 4 пайыздық тармақ негізінде қалыптасады.
Қатысушылардың көпшілігі үшін номиналдық ставканың 40%-ы субсидияланады, бұл ретте кәсіпкер үшін ставка кемінде 12,6% деңгейінде белгіленеді. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидиялау мөлшері 50%-ды құрайды.
Субсидиялау мерзімі – үш жылға дейін.
Субсидия беру тетігі де айтарлықтай өзгерді. Енді екінші деңгейдегі банктер мен лизингтік компаниялар арасында лимиттерді бөлу қарастырылмаған.
Кәсіпкер «Даму» қорының серіктесі болып табылатын кез келген екінші деңгейдегі банкке немесе лизингтік компанияға жүгінуге құқылы.
Қаржыландыру мақұлданғаннан кейін жоба «Даму» қорына жіберіледі. Субсидия беру туралы шешімді Қор бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Оң шешім қабылданған жағдайда «Даму» қоры, банк немесе лизингтік компания және кәсіпкер арасында үшжақты субсидиялау шарты жасалады.
Бұл ретте кәсіпкер «Даму» қорының субсидия беруден бас тарту туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және (немесе) сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
Жаңартылған «Іскер аймақ» бағдарламасы шағын бизнес субъектілері үшін қаржылық қолдаудың қолжетімділігін арттыруға, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға және өңірлердегі іскерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған.
Бағдарламаға қатысу шарттары туралы толық ақпаратты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
