Сурет: primeminister.kz
Еліміздегі барлық мемлекеттік орган цифрлық өнімдер мен мемлекеттік сервистерді әзірлеуге арналған QazTech бірыңғай платформасына қосылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
QazTech платформасы 2026 жылғы 1 сәуірден бастап жұмыс істеп келеді. Ол қызметтерді құру және пайдалануға беру мерзімдерін бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, 25 жүйе жоспардан тыс көшіру және әзірлеу кезеңінде, ал 10 жүйе платформада толық жұмыс істеп тұр», деді министр.
Вице-премьер мемлекеттік жүйелерді көшіру жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын жүзеге асып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді.
Сонымен қатар Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысының Жарлығымен QazTech-тен тыс жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйелерді әзірлеуге мораторий енгізілгенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов энергетика және коммуналдық секторларға арналған Smart Turmys платформасын енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын.
Мазмұнға өту
