Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында темекі өнімдерін жеткізу мен сатудың заңсыз схемасына жол берілмеді. Облыстық экономикалық тергеу департаменті айналымнан жалпы құны 99,4 млн теңге болатын 102 мыңнан астам қорап заңсыз темекіні алып тастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Департамент қызметкерлерінің анықтауынша, Орал тұрғыны темекі өнімдерін еліміздің басқа аймақтарынан жеткізуді ұйымдастырған. Өнімдерде акциздік маркалар мен міндетті цифрлық таңбалау болмаған. Жеткізілгеннен кейін ірі партиялар әртүрлі мекенжайларда жасырылып, кейіннен сатуға дайындалған. Заңсыз өнімді сақтау үшін Оралдағы және Бәйтерек ауданындағы тұрғын үйлер, оның ішінде күдіктінің туыстары мен таныстары берген үй-жайлар пайдаланылған.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында құқық қорғаушылар 102 418 қорап темекі өнімін тәркіледі. Олардың жалпы құны 99,4 млн теңгені құрады. Бюджетке түспеген акциздік төлемдер сомасы 37 млн теңгеге бағалануда. Облыстық экономикалық тергеу департаменті басшысы Анастасия Болграбскаяның айтуынша, акциздік өнімнің заңсыз айналымына жол бермеу ведомство жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
– Заңсыз темекі сату мемлекеттік бюджетке ғана емес, сонымен қатар заң аясында жұмыс істейтін адал кәсіпкерлерге де зиян келтіреді. Бұл жағдайда өнімнің айтарлықтай көлемі мен төленбеген акциздердің едәуір сомасы туралы айтылып отыр. Мұндай схемаларды анықтау және жолын кесу заңнаманың сақталуын қамтамасыз етіп, нарық қатысушыларына тең жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Орал тұрғынының әрекеттері ҚР ҚК 214-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған. Сот оны кінәлі деп таныды. Іс бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған амнистия актісін қолдануға байланысты тоқтатылды. Тәркіленген темекі өнімдері жойылуға жатады.
Облыстық экономикалық тергеу департаментінде акциздік тауарлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасуда. Заңнамада көзделген таңбалауы жоқ өнімдерді жеткізу арналарын, сақтау орындары мен сату орындарын анықтауға ерекше назар аударылуда.
– Біздің міндетіміз – тек қолданыстағы заңсыз схемаларды анықтау ғана емес, олардың таралуының алдын алу, – деп атап өтті Анастасия Болграбская.
Мұндай фактілердің жолын кесу заңсыз нарық көлемін қысқартуға, бюджет шығындарын болдырмауға және темекі өнімдерінің айналымына қойылған ережелердің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мазмұнға өту
