Сурет: ortcom.kz
Үкімет отырысында машина жасау саласын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев саладағы жетістіктер мен мәселелерді баяндады.
Министрдің айтуынша, автокөлік өнеркәсібі машина жасаудағы стратегиялық бағыттардың бірі. Сала дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, кезең-кезеңімен дамуда. Мысалы, Кореяда бұл саланы қалыптастыруға 30 жыл кеткен. Қазақстанда 2010-2019 жылдары отандық автокөлік өндірісінің негізі қаланды. Осы кезеңде әлемдік брендтер нарыққа келіп, құрастыру өндірісі іске қосылды. Нәтижесінде автомобиль өндірісі 3 мыңнан 50 мыңға дейін өсті.
— Дәнекерлеу, бояу процестерін қамтитын күрделі құрастыру өндірісі енгізіле бастады. Соның нәтижесінде өндіріс әлеуеті артып, жыл қорытындысы бойынша 171 400 автокөлік шығарылды. Өткен жылдан бастап автомобиль өнеркәсібінің дамуының жаңа кезеңі басталды, — деді министр.
Ендігі басты міндет — дайын автокөлікпен қатар, оның құрамдас бөліктерін де елімізде өндіру. Осы мақсатта локализация деңгейін арттыру, автокомпоненттердің отандық өндірісін жолға қою және жеткізушілердің экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жаңа нарықтарды игеру, инженерлік әлеуетті арттыру және нормативтік базаны жетілдіруге басымдық беріледі.
— Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 346 миллиард теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты 2 ірі зауыт ашылды. Зауыттар заманауи технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған. Бүгінде мұнда 135 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді, — деді министр.
2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту жоспарлануда. Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында Li Auto, OMODA, JAECOO маркалы автомобильдер, SITRAK пилотсыз жүк көліктерін шығару және BYD-мен бірлесіп зарядтау станциялары желісін дамыту туралы келісімдер жасалды.
Қазір елімізде жеңіл автокөліктер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл өндіріс орындарына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуде. Қауіпсіздікті басқаруға арналған жасанды интеллект негізіндегі ахуалдық орталық іске қосылды. Бұл платформа бейнекамералар, датчиктер және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, сын-қатерлер мен төтенше жағдайларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
— Сонымен қатар, дәнекерлеу жұмыстарының сапасын автоматты түрде бақылауға арналған талдау жүйелері қолданылады. Өндірістік процестерді нақты уақыт режимінде модельдеу және оңтайландыру үшін digital twins пайдаланылады, — деді министр.
Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар және мультимедиялық жүйелер шығаруды игерген. Сонымен қатар, бамперлер, электр сымдары, дөңгелек дискілері және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылуда.
Машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Бұл кластерлер аясында автокөлік өндірумен қатар, компоненттер өндірісін дамыту және жаңа жеткізушілерді тарту жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстанда Scania және HOWO сияқты әлемдік брендтердің жүк көліктері шығарылады. Биыл IV тоқсаннан бастап Hyundai Trans Auto кәсіпорнында жылына 500 VOLVO жүк көлігін шығару жоспарлануда. Сондай-ақ, Barys Truck Manufactory компаниясы XCMG-мен бірлесіп электр жүк көліктерін шығаруды жоспарлап отыр.
Мазмұнға өту
