Жайық news

БҚО-да жаңа оқу жылына дейін 8 мектеп пайдалануға беріледі

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында сегіз жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұл туралы тамыз кеңесінде облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Мендиғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, жаңа білім нысандарының жетеуі КПО компаниясының қолдауымен, ал біреуі бюджет қаражаты есебінен салынған.

Өңірде білім сапасын арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Соның бірі — бастауыш сынып оқушыларына арналған «Шахмат негіздері» курсы.

«Сапалы білім тек мектептің жаңа ғимаратымен анықталмайды. Мектептің мүмкіндіктері маңызды, бірақ басты нәтижені мұғалімнің еңбегі мен білім сапасы көрсетеді. Сондықтан біз балалардың интеллектуалдық, шығармашылық және инженерлік қабілеттерін дамытуға ерекше назар аударамыз», — деді Қайыржан Мендиғалиев.

Соңғы үш жылда «Шахмат негіздері» жобасына 183 мектеп қатысқан. Алдағы оқу жылында бұл курс облыстағы барлық мектептің бастауыш сыныптарын қамтиды. 2025–2026 оқу жылында Батыс Қазақстан облысы мектептерде шахматтың вариативтік курсын енгізу бойынша республикада бірінші орынға шықты.

Тамыз кеңесінде мектепке дейінгі және орта білім жүйесінің нәтижелері де жарияланды. Қазір облыста 571 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді: 380 мемлекеттік және 191 жеке. Бұл ұйымдарда 32 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің айтуынша, соңғы екі жылда өңірде 42 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылып, 3067 қосымша орын жасалған. Нәтижесінде балабақшалардағы кезек шамамен 2 мың балаға қысқарған.

«Бүгінгі таңда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту 100%, ал 2 мен 6 жас аралығында — 93,8% құрайды. Бұл мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігінің артқанын көрсетеді. Енді біздің міндетіміз — бұл жетістікті білім сапасымен толықтыру», — деп атап өтті Елдос Сафуллин.

Қазір облыстың 382 білім ұйымында 126 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 205 шағын жинақты мектепте шамамен 14 мың бала оқиды.

Өңірдегі білім сапасы көрсеткіші де өсті. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ол 64,2% құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1%-ға жоғары.

Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу (МОДО) қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысындағы білім сапасы республикалық орташа деңгейден жоғары болды. Атап айтқанда, өңірдің оқу сауаттылығы көрсеткіші республикалық деңгейден 32 баллға, жаратылыстанудан — 24 баллға, ал математикадан — 12 баллға асып түсті.

Көп оқылғандар