Сурет: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Түркі мемлекеттері ұйымының алғашқы бірлескен спутнигі 2027 жылы ғарышқа ұшырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен кездесу өткізді. Тараптар ұйымның алғашқы бірлескен спутниктік жобасы – OTS-SAT-ты іске асыру мәселелерін талқылады.
Жаслан Мәдиев ғарыш аппаратын Астанадағы Ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешені базасында қазақстандық инженерлер мен мамандар әзірлеп жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта спутниктің инженерлік моделі толық жиналды, жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылуда, ал ғарыш аппаратын ұшыру 2027 жылға жоспарланған.
Кездесуде жобаны іске асыру жөніндегі Негіздемелік келісімді дайындауға, сондай-ақ қаржыландыру және спутникті ұшыруды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаслан Мәдиев OTS-SAT жобасының сәтті жүзеге асуы Түркі мемлекеттері ұйымының алғашқы практикалық ғарыш жобасы болатынына, түркі елдерінің технологиялық серіктестігін нығайтып, бірлескен ғарыш бастамаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Мазмұнға өту
