Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек алу тәртібін өзгерту ұсынылды. Жоба бойынша электронды рецепт арқылы дәрі-дәрмекті QR-код көрсету арқылы алуға болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
QR-кодты «Әлеуметтік әмиян» сервисі, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және eGov Mobile арқылы көрсету ұсынылып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа тәртіп дәрі алуды жеңілдетіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығын арттырады деп күтеді. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.
Қағаз рецептілер де сақталады. Алайда дәрі беру кезінде науқастың жеке басын сәйкестендіру рәсімі жүргізіледі.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымның берілгенін фармацевтінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы растау ұсынылған. Бұл препараттың нақты берілгенін электронды түрде тіркеуге мүмкіндік береді.
Құжат белгіленген тәртіппен қаралып, қабылданғаннан кейін ғана жаңа талаптар күшіне енеді.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 17 қыркүйектегі №110 бұйрығымен уақытша еңбекке жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұйрық 3 қазаннан бастап күшіне енеді.
