Әлем

Франция ЕО-ға 100 млн баррель мұнай қорын шығаруды ұсынды

Сурет: istockphoto.com

Франция Еуропалық одаққа стратегиялық мұнай қорларын пайдалануды ұсынды. Париж жұма күні шұғыл келіссөздерде 50 млн баррель дизель және 50 млн баррель мұнайды резервтен шығаруды ұсынған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Politico басылымы жариялады. Қазіргі уақытта бастама техникалық бағалау сатысында тұр.

Дереккөздерге сәйкес, Германия қорларға қол сұғуға құлықсыз. Берлин оларды тек жеткізілім қауіпсіздігіне нақты қауіп төнгенде ғана пайдалануды жөн көреді.

Қорларды шығару ЕО деңгейінде үйлестіріле ме, әлде жекелеген мемлекеттер арасында екіжақты негізде жүзеге аса ма — әзірге белгісіз. Себебі АҚШ әр мемлекетке түрлі талап қойып, осыған байланысты «ретсіз» тәсіл қалыптасқан.

Сонымен қатар ЕО стратегиялық қорларды пайдалану шарты ретінде Вашингтоннан дизель экспортына біржақты тыйым салмайтыны туралы кепілдік алуға ұмтылып отыр.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон жағдайды АҚШ Президенті Дональд Трамппен және Канада Премьер-министрі Марк Карнимен талқылап үлгерді. Жұма күні ол бұл мәселені «Үлкен жетілік» (G7) елдерінің өзге де көшбасшыларымен сөйлескен кезде көтермек.

Айта кетейік, Қытай мұнай өнімдерінің экспортын уақытша тоқтатып, әлемдік отын нарығындағы қысымды күшейтті. PetroChina қазан айына жоспарланған бензин мен авиациялық отынның бірнеше партиясын жөнелтуден бас тартқан, ал ірі мұнай өңдеу зауыттарына 7 қазанға дейін экспортқа рұқсат бермеді.

Көп оқылғандар