Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Президент Қазақстан-Ресей қатынастарының ортақ тарихқа, тату көршілікке және өзара құрметке негізделген ерекше сипатына назар аударды. Ол мемлекетаралық байланыстардың стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін, бұл құқық саласындағы ынтымақтастықтың да үйлесімді дамып келе жатқанын көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды саяси реформалар туралы айтты.
Өз кезегінде Игорь Краснов Қазақстан сотымен белсенді ықпалдастық орнағанын жеткізді. Тарихта алғаш рет екі елдің жоғары сот инстанциялары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. Бұл құжат кәсіби диалогқа, сот төрелігін цифрландыруға және жасанды интеллектіні енгізуге негіз болады.
Сонымен қатар Ресей Жоғарғы сотының төрағасы ғылым және білім беру салаларында, әсіресе біліктілікті арттыру және сот қызметкерлерінің цифрлық дағдыларын дамыту бағытында серіктестік аясын кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдағанын хабарлаған болатынбыз.
Мазмұнға өту
