Басты тақырып

Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде цифрландыру мен жасанды интеллект заманында ғылым мен білімнің маңызы күшейе түскенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің пікірінше, ғылым жетістіктерін адамзат игілігіне пайдалану үшін әлем мемлекеттері бірлесіп әрекет етуі қажет.

«Бүгін шын мәнінде өте маңызды жиын өтіп жатыр. ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр. Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып. Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды. Осыған орай, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр. Мұның бәрі де отандық және шетелдік жоғары білім саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен білімнің адамзат өркениетіндегі рөліне тоқталып, мемлекеттердің ортақ жауапкершілігіне назар аударды.

«Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады», деді Мемлекет басшысы.

Көп оқылғандар