Басты тақырып

Тоқаев: Ғылымды қаржыландыру 590 миллион долларға жетті

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму стратегиясында адам капиталына, білім мен ғылымға ерекше мән берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, жаһандық бәсекелестік күшейген кезеңде елдің әлеуеті зияткерлік қуаты мен инновациялық қабілетіне байланысты. Ол әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі білім мен технологияға тікелей байланысты екенін атап өтті. Қазақстан осы үрдісті ескеріп, білікті мамандарды даярлау мен адам капиталын дамытуға басымдық беріп отыр.

«Дүние жүзі елдің мәртебесі мен орны зияткерлік қуатына және инновациялық қабілетіне қарап анықталатын жаңа кезеңге қадам басты. Жаһанда таланттар мен технологиялар үшін бәсекелестік күшейді. Осындай заманда Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, нақты стратегиялық таңдауын жасады. Яғни, біз, ең алдымен, отандық және шетелдік білікті маманды жоғары бағалаймыз. Жаңа Конституциямызда білім, ғылым және инновацияны ұлтымыздың келешек дамуының стратегиялық діңгегі ретінде бекіттік. Бүгінгі форумға қатысып отырған ардақты ғылыми қауым өкілдері, университеттер басшылары мен халықаралық серіктестер біздің жаңа стратегиямызды мұқият саралап, асқақ мұратымыздың жаңашыл рухын лайықты түрде бағалайтынына сенімдімін», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білімге негізделген экономиканы қалыптастыру мемлекеттің ұзақ мерзімді міндеті екенін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмысты қазіргі және келешектегі Үкіметтер тиісті деңгейде жалғастыруы қажет.

«Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауға тиіс. Бүгінде Қазақстанда 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады», деді Президент.

Мемлекет басшысы жоғары білім беру жүйесін қолдау үшін бөлінетін қаражаттың артқанын да айтты. Соңғы жеті жылда білім беру гранттарына жұмсалатын қаржы екі есе көбейген. Сонымен бірге студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және ғылымды қаржыландыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлген қаржының көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ ұдайы артып келе жатқан сұранысты өтеу үшін елімізде 281 студент жатақханасы бой көтерді. Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары еліміздегі ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті», деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Президент III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құруға кіріскенімізді атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің маңызы арта түскеніне тоқталды.

Көп оқылғандар