Басты тақырып

Тоқаев ғылым форумында шетел студенттерінің саны 41 мыңға жеткенін айтты

Сурет: Aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және жоғары білім саласындағы III Стратегиялық серіктестер форумына қатысып, ғылыми қоғамдастық өкілдерін алдағы ауқымды өзгерістерге дайын болуға шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент форумның өзектілігін атап өтіп, әлемде таланттар мен технологиялар үшін бәсекелестік күшейгенін, Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, стратегиялық таңдау жасағанын мәлімдеді. Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация ұлттың келешек дамуының стратегиялық діңгегі ретінде бекітілгенін айтты.

– Дүние жүзі елдің мәртебесі мен орны зияткерлік қуатына және инновациялық қабілетіне қарап анықталатын жаңа кезеңге қадам басты. Жаһанда таланттар мен технологиялар үшін бәсекелестік күшейді. Осындай заманда Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, нақты стратегиялық таңдауын жасады. Яғни, біз, ең алдымен, отандық және шетелдік білікті маманды жоғары бағалаймыз. Жаңа Конституциямызда білім, ғылым және инновацияны ұлтымыздың келешек дамуының стратегиялық діңгегі ретінде бекіттік. Бүгінгі форумға қатысып отырған ардақты ғылыми қауым өкілдері, университеттер басшылары мен халықаралық серіктестер біздің жаңа стратегиямызды мұқият саралап, асқақ мұратымыздың жаңашыл рухын лайықты түрде бағалайтынына сенімдімін, – деді Президент.

Тоқаев Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны артып келе жатқанын атап өтті. Былтыр 31 мың шетел студенті оқығанын, қазір олардың саны 41 мыңға жеткенін, оның ішінде 8 мыңнан астамы Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алып жатқанын хабарлады. Бұл көрсеткіш Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгей екенін айтты. Сондай-ақ 2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту жоспары бар екенін жеткізді.

Президент Қазақстанның 18 университеті QS World University Rankings тізіміне, 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне енгенін, ал 2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап келе жатқанын атап өтті.

Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, БҰҰ университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Тшилидзи Марвала, Times Higher Education бас директоры Джон Гилл, Гази университетінің ректоры Угур Унал, Гонконг қалалық университеті директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай, Хериот-Уотт университетінің ректоры Нола Хьюитт-Дандас, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің ректоры Сергей Филатов сөз сөйледі.

Іс-шара соңында Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен БҰҰ университеті арасындағы келісімге қол қою рәсімі өтті.

Көп оқылғандар