Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттары жетекшілерімен кездесіп, германиялық компанияларды цифрлық технологияларға инвестиция салуға шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Қазақстан мен Германия арасындағы цифрлық инновация және жасанды интеллект саласындағы серіктестік басым бағыт ретінде аталды.
«Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Қазақстан экономикасына неміс қаржы секторын кеңінен тартатын ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Alatau City қаласы.
«Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін», деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия жоғары деңгейдегі саяси диалогқа арқа сүйеп, қаржы, технология және инвестиция салаларында тиімді серіктестік құра алатынын атап өтті. Басты мақсат – капитал ағынын арттыру ғана емес, жаңа салалар мен өсім бағыттарын бірге қалыптастыру.
Президент Қазақстан инвесторларға қолайлы әрі ережелері түсінікті ортаны қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғайтынын және стратегиялық маңызды жобаларға қолдау көрсете беретінін растады.
Іс-шара барысында Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс, Германия сауда-өнеркәсіп палатасының (DIHK) басқарушы директоры Елена Мельников, Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермарк, German Water Partnership бас директоры Борис Грайфенедер, KfW тобының басқарма мүшесі Мелани Кер, Deutsche Bank AG басқарма мүшесі Александр фон цур Мюлен, Euler Hermes AG басқарма мүшесі Эдна Шёне, AKA Ausfuhrkredit-Gesellschaft mbH басқарушы директоры Марк Венчик сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды.
