Сурет: aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдап, отын-энергетика кешенінің биылғы он айдағы жұмыс қорытындылары мен жылыту маусымының барысы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде жылыту маусымы елдің барлық өңірінде қалыпты өтіп жатқаны айтылды. Электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы 384 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, негізгі жабдықтар мен желілер жөнделген. Соның арқасында жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеп, «қызыл аймақтағы» станциялардың саны беске дейін азайған. Электр энергиясын өндіру 10 айда 2,3 пайызға өсіп, 102,4 миллиард кВт/сағатқа жетті.
Министр мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға артқанын және жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 миллион тоннаға жеткенін баяндады. Отандық битум өндірісі (1,1 миллион тонна) ішкі сұранысты толық қанағаттандырады. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін кеңейту және Атырау облысында жаңа мұнай химиясы кешенін салу жобалары қолға алынды.
Жыл соңына дейін халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 64,5 пайызға жетіп, 13,2 миллион азамат көгілдір отынды пайдалана алады. Қашаған мен Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы жүріп жатыр, ал Қарашығанақ пен Қашағандағы екінші газ өңдеу зауыттары бойынша EPC-келісімшарттар жасалды.
Президент Жолдаудағы міндеттерді орындау үшін министрлік энергияны көп тұтынатын деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект қажеттіліктерін ескеріп, 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарауға кірісті. Геологиялық барлауды жандандыру мақсатында 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылды, бұл рекордтық көрсеткіш.
Сонымен қатар Президентке отын-энергетика кешені нысандарының цифрлық телнұсқаларын және 1,2 миллион тұтынушыға көмір жеткізуді мониторингтейтін бірыңғай платформаны енгізу туралы мәлімет берілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықты энергиямен және жылумен толық қамтамасыз ету, жанар-жағармай мен көмір нарықтарының тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау, инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, бүгін Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізіп, ҰҚК-нің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады. Кездесуде 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы талқыланды.
Мазмұнға өту
