Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жеңіс» ШҚ басшысы Бейбіт Асанов (Батыс Қазақстан облысы) пен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бақыт Нұртазаев (Қызылорда облысы) II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің негізін қалаушы және президенті Александр Рудаков (Ресей Федерациясы), «Достан Ата» ШҚ басшысы Сейітжан Балжігітов (Атырау облысы), «Айс-плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов (Ақтөбе облысы), «Бижан» ШҚ басшысы Қайырбай Мақатов (Қостанай облысы) және «Агро Балтабай» ЖШС малшысы Ислам Хуршудов (Алматы облысы) осы орденмен ерекшеленді.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Қапшағай МТС Сервис» ЖШС малшысы Рүстем Ахметжанов (Алматы облысы), жылқышы Мәкіш Әменов (Ұлытау облысы), «Жер өнімдері» ЖШС тракторшы-механизаторы Виктор Клишин (Ақмола облысы), «Меңдеш» ШҚ механизаторы Қуандық Темірбаев (Павлодар облысы), «Дәурен» ШҚ зоотехнигі Дәурен Әбдірайымов (Абай облысы), «Өтепберген» ШҚ түйе өсірушісі Өтепберген Әбсәттар (Түркістан облысы), «Burabay Milk» ЖШС бұзау күтішусі Әлия Қапарова (Ақмола облысы) және «Шалқар» ШҚ аға бақташысы Бауыржан Сейдахметов (Маңғыстау облысы) марапатталды.
«Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС директоры Дастан Айтөленовке (Жамбыл облысы), «Астық-STEM» ЖШС директоры Сергей Звольскийге (Солтүстік Қазақстан облысы), «Қайнар» ЖШС директоры Сейітжапар Нығметовке (Қарағанды облысы) және «Егемендік» ШҚ басшысы Жұмаш Тезекбаевқа (Жетісу облысы) берілді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйлеп, агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайғанын мәлімдеген болатын.
Мазмұнға өту
