Сурет: istockphoto.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыруды басты мақсат деп атады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің сөзінше, Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Орталық Азия елдері арасында үздік нәтиже көрсеткен. Ел бұл бағытта тұрақты өсімді сақтап отыр.
«Біз кейінгі уақытта қол жеткізген бірқатар жетістігімізді мақтан тұтамыз. Мәселен, 18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды. 2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаһандық бәсекелестік күшейген кезеңде қол жеткізген нәтижелерге тоқмейілсуге болмайтынын атап өтті.
«Алайда жаһандық бәсекелестік қызған кезеңде бізге арқаны кеңге салуға болмайды. Қазақстан жоғары білімнің, ғылымның және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көздейді. Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу. Ғылым мен білімде жаттандылыққа, формализмге жол беруге, сайып келгенде, өзіңді алдауға болмайды», деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі 590 миллион долларға жеткенін атап өтті.
Мазмұнға өту
