Сурет: Көлік министрлігі
Көлік министрлігінде Теміржол көлігі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтіп, оған сала ардагерлері, теміржолшылар, еңбек әулеттерінің өкілдері және көлік саласының басшылары қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шара барысында теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан 27 қызметкер Көлік министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Оның ішінде 19 қызметкер «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болса, 7 маман Құрмет грамотасымен, 1 қызметкер Алғыс хатпен марапатталды.
Қазіргі уақытта еліміздің көлік саласында 772 мың адам еңбек етеді. Оның ішінде 110 мыңнан астамы теміржол көлігі жүйесінде қызмет атқарады. Теміржолшылардың күнделікті еңбегі жолаушылар мен жүктерді үздіксіз тасымалдауға, өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайтуға және ел экономикасының тұрақты жұмыс істеуіне зор үлес қосып келеді.
Министрліктің мәліметінше, соңғы бес жылда теміржол саласында өндірілген өнім көлемі 3,4 есе артып, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 3,3 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 124 теміржол вокзалына жаңарту жұмыстары жүзеге асып жатыр.
Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында соңғы жылдары 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылған. Тек 2026 жылдың өзінде 191 жаңа вагон пайдалануға берілмек. Ал 2030 жылға дейін жолаушылар вагондары паркін толық жаңарту жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің бес өңірінде жаңғыртылған 9 теміржол вокзалы пайдалануға берілген еді.
Мазмұнға өту
