Сурет: ашық дереккөз
Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов өз қызметінен кетті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шайжанов қала басшысы ретіндегі төрт жыл ішінде жергілікті тұрғындармен бірге Жезқазғанның дамуы үшін қолдан келгенінше еңбек еткенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл кезең ол үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мектеп әрі өмірлік тәжірибе болған.
«Осы уақыт ішінде талай мәселені бірге көтердік, талай бастаманы бірге жүзеге асырдық. Әрбір кездесудің, әрбір ұсыныс пен пікірдің мен үшін өз орны бар. Қолдаған жерлеріңізде қанаттанып, сынаған жерлеріңізде шыңдала түстім. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша жезқазғандықтарға шын жүректен алғыс айтамын. Қуанышты сәттерде бірге қуанып, қиындықта бірге шешім іздеген күндер жадымда мәңгі сақталады. Мен үшін Жезқазған – жай ғана қызмет атқарған қала емес. Бұл – тағдырыммен, еңбегіммен, естеліктеріммен байланысқан туған жер. Қызмет аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен ақ тілегім ешқашан аяқталмайды», деді ол.
Тұрғындар өз кезегінде оның Жезқазғанның дамуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасағанын, Ұлытау облыс болып құрылып, қала енді аяғына тұрып жатқан кезде лайықты қызмет еткенін атап өткен.
Қайрат Шайжанов Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында туған. Ол екі жоғары білімге ие: Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мен Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы бастаған, осы жылдар ішінде кәсіпкерлік саласында және түрлі мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеген.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлытау облысы құрылғаннан бастап Жезқазған қаласында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде алға ілгерлеушілік байқалғаны, соның ішінде қала бюджетінің көлемі мен инвестиция тарту деңгейі айтарлықтай өскені хабарланған еді. Былтыр Жезқазған қаласының меншікті кірістері үш есеге артып, 36,9 млрд теңгеге жетсе, биыл қала бюджеті екі есеге өсіп, 57,1 млрд теңге болды.
