Қазақстанда ұялы телефондарды тіркеу тәртібі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Енді бұл процесті мемлекеттік компания бақылауға алады. Тиісті нормативтік құжаттар Мәжілісте қаралып жатыр.
Жаңа ереже бойынша, абоненттер өз құрылғыларын арнайы мемлекеттік платформада тіркеуі керек. Бұл шара ұялы байланыс желілеріндегі қауіпсіздікті арттыруға және ұрланған телефондардың айналымын шектеуге бағытталған.
«Жаңа жүйе телефон нөмірлерін жеке куәлікпен байланыстырып, әр құрылғының бірегей кодын міндетті түрде енгізуді көздейді. Бұл қолданушылардың құқығын қорғап, алаяқтық әрекеттердің алдын алады», — деді ҚР Цифрлық даму министрлігінің өкілі.
Мамандардың айтуынша, жаңа ережелер телефондардың «сұр» импортын азайтып, нарықты реттеуге көмектеседі. Алайда кейбір сарапшылар бұл шараның халық арасында қосымша қиындықтар туғызуы мүмкін екенін ескертеді.
Қазіргі уақытта жоба Мәжілісте талқылануда. Қабылданған жағдайда, жаңа талаптар біртіндеп енгізіледі. Нақты мерзімдері мен тіркеу тәртібі заң қабылданған соң жарияланады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

